Skip to content

Ата-аналарға ескерту!

Балалардағы истерика – жас ерекшелік дағдарыстарымен қатар жүретін жиі кездесетін құбылыс.

Бала жайсыздық, ашу, реніш сезінген кезде өз жағдайын жылау, айқайлау арқылы білдіреді, еденге жатып алуы, денесін доға тәрізді иіп алуы, басын жерге ұруы және тағы басқа әрекеттер жасауы мүмкін. Ол әлі эмоцияларын толық бақылауды үйренбеген және өз наразылығын сөз арқылы жеткізе алмайды.

Истериканың себептері әртүрлі болуы мүмкін: физикалық жайсыздық (аштық, шөлдеу, ауырсыну), шаршау (қарбалас күннен кейін, жол жүргеннен соң, кешкі уақытта), құрдастарымен жанжал, тыйымдар (әсіресе ересектердің талаптары бірізді болмаған жағдайда — бұрын рұқсат етілген нәрсеге кейін тыйым салынса), шектеулер, бас тартулар, талап қою, назардың жетіспеуі.

Истериканың алдын алу үшін:

  1. Күн тәртібін сақтау қажет. Толыққанды ұйқы, белсенді әрекеттерді тыныш әрі танымдық процестерді қажет ететін іс-әрекеттермен алмастырып отыру орталық жүйке жүйесіндегі қозу мен тежелу процестерінің тепе-теңдігін сақтауға көмектеседі.
  2. Өз сезімдеріңіз бен баланың сезімдерін сөзбен атап отырыңыз. «Мен қуанып тұрмын», «Мен ашуланып тұрмын», «Менің қарным ашты» сияқты қарапайым сөйлемдер баланың өз қажеттіліктерін ауызша жеткізу құралына айналады.
  3. Бірнеше шешім нұсқасы бар жағдайларда балаға таңдау мүмкіндігін беріңіз.
  4. Тыйымдардың себебін бала тыныш болғанда және сізді тыңдай алатын кезде түсіндіріңіз.

Истерика көбіне еріксіз, күтпеген жерден пайда болады және толқын тәрізді өтеді — ашу, ыза, қаһар сияқты күшті эмоциялар ең жоғары шегіне жеткен соң, көбіне мұңға ауысып, жылаумен аяқталады. Айналадағылардың шамадан тыс назары — жұбатуға тырысу, ұрысу, қорқыту («осылай істесең, онда…»), күш қолдану — истериканы күшейтіп, оның ұзақтығын арттырады.

Истериканың ұзақтығы мен қарқындылығын азайтуға көмектесетін қағидалар:

  1. Сабырлы болыңыз. Қатты айқайлау сіздің де жүйке жүйеңізді тітіркендіреді. Сіз бұл жағдайдың өтетінін білесіз, ал бала сіздің әрекетіңізден жағымсыз жағдайға қалай жауап беру керектігін үйренеді.
  2. Бірізді болыңыз. Истерикаға себеп болған тыйым немесе бас тарту өзгеріссіз қалуы керек. Егер сіз жеңілдік жасасаңыз, бала қалағанына жылау арқылы жетуге болатынын түсінеді.
  3. Баланың жағдайын сөзбен сипаттаңыз («Сен қазір қатты ашуланып тұрсың») немесе оның мінез-құлқын елемей, өз ісіңізбен айналысыңыз. Бірақ истериканың ең күшті кезеңі өткенше басқа әрекеттер жасамаңыз.
  4. Истериканың ең жоғары кезеңі өткеннен кейін баламен тактильді байланыс орнатыңыз. Мүмкін, ол өзі сізге жақындайды — оны құшақтаңыз, сипаңыз, сүйіңіз.