Skip to content

Сөйлеу тілінің дамуы кешеуілдеген балалардың сөйлеуін дамыту бойынша ұсыныстар⠀

Егер баланың өмірінің алғашқы үш жылында сөйлеуіне жеткілікті көңіл бөлінбесе, кейін жіберілген олқылықтардың орнын толтыру үшін көп күш жұмсауға тура келеді. Осы кезеңде мидың сөйлеуге жауап беретін аймақтарының анатомиялық жетілуі аяқталады, бала ана тілінің негізгі формаларын меңгереді және мол сөздік қор жинақтайды. Сөйлеу тілінің дамуының кешеуілдеуі сөйлеу қарқынының баяулауымен қатар, сөйлеудің сапалық бұзылыстары түрінде де көрінуі мүмкін.⠀

Сөйлеу тілінің дамуын ынталандыру үшін келесі ұсыныстарды сақтау қажет:

– баламен жиі сөйлесу, оның сөйлеуді қолдануға қажеттілік сезінетін жағдайлар жасау;⠀

– тұрмыстық жағдайларда (тамақтандыру, жуындыру, серуендеу және т.б.) өз әрекеттеріңізді және баланың әрекеттерін үнемі сөзбен түсіндіріп отыру;⠀

– баланың заттық және ойын әрекеттеріне белсенді қатысу, сөйлеуді қолдануға итермелейтін эмоциялық-ойын жағдайларын ұйымдастыру;⠀

– практикалық әрекет барысында сөздік қорды біртіндеп жинақтау, «қарапайымнан күрделіге» қағидатын ұстану, яғни алдымен айтуға жеңіл сөздерді, кейін күрделірек сөздерді қайталауды ұсыну. Сөздерді мүлтіксіз дұрыс айтуды талап етпеу, үнемі ескерту жасап, түзетіп, жаттықтыра беруден аулақ болу. Баланы жиі мақтап, эмоциялық қолдау көрсету;⠀

– зат атауларының тым көп көлемін жаттатуға тырыспау. Ең алдымен баланың айналасындағы адамдармен қарым-қатынас жасауына көмектесетін сөз тіркестері мен сөйлемдерді дамыту;⠀

– баланың сөйлеуге деген кез келген талпынысын қолдау: сәби сіздің оны тыңдауға дайын екеніңізді сезінгенде ғана сөйлей бастайды;⠀

– баламен баяу, қысқа сөйлемдермен және дұрыс тілде сөйлеу, «балалар тілін» қолданбау және басқа ересектерге де бұған жол бермеу;⠀

– балаға күн сайын кітап оқу, мұны ықылассыз немесе ренішпен көрсетпеу, бір кітапты бірнеше рет оқуға тура келсе де ашуланбау;⠀

– баланың қызығушылығын, сұрақ қоюға деген ынтасын қолдау және әрбір сұрағына жауап беру;⠀

– баланы басқа балалармен салыстырмау.